Ұлыбританияда көшкіннен кейін теміржолда жөндеу жүргізген жұмысшылар XIV ғасырда адамдар пайдаланған үңгірді тапты.
Үңгір Англияның Суррей графындағы Гиллфорд қаласы маңындағы жолды жөндеп жатқан кезде табылған. Болжам бойынша, үңгір орта ғасырларда Әулие Екатерина шіркеуімен байланысты діни орын немесе шіркеу ретінде қолданылған. XIV ғасырдың басындағы шіркеудің үйінділері темір жол маңындағы төбеде орналасқан.
Сарапшылардың айтуынша, үңгір әлдеқайда үлкен болуы мүмкін, оның шағын бөлігі ғана сақталған. Табылған суреттерде нүктелермен безендірілген готикалық текшелер және бүйірінде крест бейнесі салынған.
Мамандар 7-8 текше, сондай-ақ екі тостаған сынығын тапты. Олар үңгірдің нақты кезеңін анықтау үшін радиокөміртекті зерттеу жүргізеді. Үңгірден табылған ағаш көмір мен қоқысты да зерттеуге қолдануы мүмкін.
inform.kz