Елбасы мақаласына қоғам қайраткерлері пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы мақаласына қоғам қайраткерлері пікір білдірді

09.04.2020

Елбасының кешегі мақаласы елдің еңсесін тіктеп, ертеңге деген сенімін арттырды. Зиялы қауым мен ғалымдар осылай дейді. Ендігі мәселе – мақалада айтылған дүниелерді жүйелі жүзеге асыру. Бастысы, індетті жеңу үшін тиімді саясат пен қорда қажетті қаражат бар. 

Жаһанды жайлаған індет бізге де сын болып тұр. Сол себепті, Елбасы халықты сабырға шақырып, дертпен бірігіп күресуге үндеді.

ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов Елбасының үндеуін толық қолдайтынын және оны зиялы қауым өкілдері әрі қарай насихаттау керектігін айтты.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай мәңгілік елді орнатуға бет алған халқымыз өзінің бірлігімен, өзінің тірлігімен бұл дағдарыстан аман-есен өтетініне деген Елбасының сенімін ерекше атап өтті.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Ерлан Мәдиев Елбасы Қазақстан халқын сабырлыққа, байсалдылыққа және бірлікке үндегенін, ал бұл қазіргі таңда өте маңызды мәселе екенін айтып, пікір білдірді.

Экономика институтының директоры Әзімхан Сатыбалдин былай деді: «Елбасы бір мәселені қатты көтерді. Ол — екі жағдайда біз бұдан аман-есен бәрін жеңіп шығатынымыз. Бірінші, халықаралық қауымдастықтың бірігіп іс-әрекетін жасағанда. Екінші мәселе, мына ел ішінде өзіміздің, мемлекетімізді өкіметіміз бен президентіміздің жасап жатқан іс-әрекетінің арқасында».

Осылайша, қазіргі сәтте тәртіпке бағыну мен бірлікте болудың үлкен күш екенін зиялы қауым да жеткізді. Өйткені, дүниедегі қазіргі ахуалдың өзі ынтымақты сақтаудың маңыздылығын көрсетіп отыр.

Нұрбек БЕКБАУ


Хабарламаларға жазылу