Әнші Ибрагим Ескендір өз еркімен әскери жиынға бармақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әнші Ибрагим Ескендір өз еркімен әскери жиынға бармақ

08.04.2020

Ертеңнен бастап елімізде әскери міндеттілер өз қызметіне кіріседі. Бүгін әскери міндеттілердің аумақтық қорғаныс бригадаларында жаңа құрамдары жасақталып, ықшамдалды.

Әскер қатарына қосылғандардың бірі — әуелете ән шырқап, шаршы алаңда жұдырықтасып жүрген Ибрагим Ескендір.

Запастағы лейтенант Ибргим Ескендір әскер қатарына шақыру басталғанын естіп, коммисариатқа өзі келген. «Ел басына күн туғанда қызмет қылу ер азаматтың міндеті»,- дейді.

Екі күннен бері елордада әскери міндетті азаматтар медициналық коммисиядан өтіп, іріктелді.

Әскери міндеттілерді әскер қатарына шақыру аймақтарда да белсенді жүргізіліп жатыр. Мәселен, Павлодарда келушілердің қатарында запастағы офицерлер мен борышын өтегендер көп. Солардың бірі — Ұлттық ұланда қызмет атқарып, подполковник шенімен запасқа шыққан Талғат Есімбаев. Қазір ол жеке кәсіпкер. «Арнайы жиынға тіркеу басталғанын естіп, үйде жата алмадым»,- дейді ол.

Аумақтық қорғаныс бригадалары құрамында қызмет атқаратын әскери міндеттілер блок бекеттерде, дезинфекциялық шаралар мен көше патрулі және басқа да қызметтерге тартылады.

Махамбет БЕЙБІТШІЛІК


Хабарламаларға жазылу