Жамбыл облысы карантинге жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысы карантинге жабылады

08.04.2020

Бүгін түнде Жамбыл облысы карантинге жабылады. Бұған дейін Тараз қаласы мен Қордай ауданында ғана барыс-келіс шектелсе, енді облыс шеңберінде көліктер мен адамдар қатынауына шектеу қойылады.

Қоғамдық көліктердің қозғалысы да келісілген кестеге сәйкес реттеледі. Такси қызметіде де арнайы тіркелген ұйымдардың рұқсатнамасы арқылы жүре алады. Алайда жанармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат.

Ал, карантинге жабылған Алматы облысында кей шектеу шаралары керісінше жеңілдетілді. Бұл үшін арнайы қаулы қабылданды. Талдықорғандағы техникалық жөндеу орталығы, қосалқы бөлшек және құрылыс заттарын сату дүкендері бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап қайта жұмыстарын жалғастырды. Әрине мұндай дүкендердің саудасына жүгінетін тұрғын алдымен арнайы тапсырыс беруі қажет.

Қазір карантин енгізілген аймақтарда жергілікті халық сұранысымен ең қажетті әлеуметтік нысандар қайта жұмыс істей бастады. Олардың ішінде азық- түлік дүкендері мен ет павильондары сондай-ақ дәріханалар бар. Мұнда тұрғындардың топтасып тұрмауы ескеріледі. Бұл нысандарға тұрғындар кезек-кезегімен кіріп шығатын болады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу