Қазақстанда азық-түліктің шекті бағасы белгіленді

04.04.2020
Қазақстанда азық-түліктің шекті бағасы белгіленді

Атап айтқанда, нан, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, сиыр еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұздың шекті бағасы анықталды.

Сауда министрлігі, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрлігі бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Бағалар әр аймаққа жеке белгіленеді. Нұр-Сұлтан қаласында 1-ші сұрыпты ұннан пісірілген 1 келі нан 150 теңге, Алматы мен Шымкент қалаларында 146 теңге тұратын болады. Осылайша нан бөлкесінің құны Нұр-Сұлтан қаласында – 82,5 теңгеден, Алматы және Шымкент қалаларында – 80,3 теңгеден аспайды. Ал қарақұмық жармасының бағасы Алматы мен елордада бірдей - 339 теңге. Сиыр еті Нұр-Сұлтанда 2113 теңге болса, Алматыда 2169 теңгеден аспайды. Шекті бағаларды Сауда және интеграция министрлігінің сайтынан көруге болады.

Бұл тауарлардың шекті бағасын қымбаттатқандар 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл төлейді. 

Мұндай шешім азық-түлік бағасы шарықтап кеткендіктен қабылданып отыр.  Кеше Ұлттық арна тілшісі Сыбайлас жерқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерімен бірге рейдке шығып, жаппай қымбатшылық орнаған базардағы ахуалды көрсеткен еді. Нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы реттелмек. 


Хабарламаларға жазылу