Қазақстан былтыр 1500-ге жуық жеңіл автокөлік экспорттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан былтыр 1500-ге жуық жеңіл автокөлік экспорттаған

14.03.2018

Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда сегіз есе көп. Автокөлік өндірісі Қазақстанда бұрын болмаған жаңа сала. Қазір елімізде индустрияландыру аясында ашылған бірнеше автокөлік кәсіпорны бар. Соның бірі - Қостанай автокөлік зауыты. Кәсіпорын былтырдан бастап Тәжікстанға  көлік экспорттай бастады. Осылайша, экономиканы әртараптандыру мен өңірлік сауда-саттық, алыс-беріс саясаты жүзеге асуда.

Қазақстан  өткен жылы 1480 немесе 5,8 миллиард теңгеге көлік экспорттаған. Бұл көп көрсеткіш болмаса да, біз үшін үлкен жетістік. Себебі, отандық автоөндіріс бұрын бізде мүлдем болмаған, қазір қарқынды дамуда. Мысалы, күні кеше Тәжікстанға Қостанай автокөлік зауытында құрастырылған JAC жеңіл көліктерінің кезекті легі  жөнелтілді. 

Сергей Могилатов, автозауыттың техникалық директоры:

- Автокөлікті тиеп жіберуге тиістіміз. Алғашқы партиясы 75 машинаны былтыр аттандырдық. Енді міне, кезекті 30 JAC көлігі Тәжікстанға жол тартуға дайын. Жыл аяғына дейін біз өз міндетімізді толық орындаймыз деген ойдамын.

Қазақстанда кұрастырылған көліктер Душанбенің такси паркіне берілді. Тәжікстан тарапын тауардың сапасы мен бағасы қызықтырған. Келісімшартқа «Казақэкспорт» Ұлттық компаниясы қолдау көрсеткен. Қолдау құны 300 мың доллар. Яғни, сатылған көлік ақшасын зауыт бірден алады, ал, тәжік тарапы ақшаны бөліп төлейді. Ортадағы каржылай кепілдемені Ұлттық компания ұсынады.

Бахтиёр Райымқұлов, «Азия групп Тәжікстан холдингі» ЖАҚ өкілі:

- Кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнынан 2000-ға жуық автокөліктерді сатып алу туралы келістік. Қазірдің өзінде біз Қазақстанда құрастырылған көліктерді пайдаланып отырмыз. Көліктің сапасы мен бағасы біз үшін өте тиімді.

Өткен жылы елімізде 19 мыңнан астам жеңіл және жүк автокөліктері мен автобустар шығарылған. Тәжікстанды айтпағанда, Қытай мен Ресей нарығына 1000-нан астам көлік сатылды.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу