Аймақтарда залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда залалсыздандыру жұмыстары күшейтілді

01.04.2020

Аймақтарда көпшілік баратын орындар жаппай тазаланып жатыр. Ауру ошақтары болуы мүмкін деген жерлер жіті бақылауға алынып, қоғамдық орындар залалсыздандырылды.

Ақтауда аптасына 150 жүк көлік өтетін Құрық портында санитарлық шаралар күшейді. Сондай-ақ, қала ішілік жолдар хлор қоспасымен дезинфекциялануда. Ал Талдықорған қаласында сарбаздар күшімен шаһардың көпқабатты үйлері, аулалары, ойын алаңдары мен әлеуметтік нысандар дезинфекциялануда.

Таразда да көпшілік жүретін көшелер мен саябақтар залалсыздандырылуда. Әсіресе ауру жетпеген ауыл-аймақтарда сақтық шаралары қатаң қадағалануда. Мәселең, тоғыз жолдың торабында тұрған Мойынқұм ауданында арнайы техника көмегімен жол жиектері тазаланып жатыр.

Ал Ақтөбеде ерекше тәсіл қолданылып жатыр. Ірі гипермаркеттердің бірінің кіреберісіне залалсыздандыру туннелі орнатылды. Сауда орнына келген тұтынушы осы туннель арқылы өтуі тиіс. Кәсіпкер оны түрік мамандарының тәжірибесіне сүйене отырып, қолда бар материалдармен жасаған. Туннельді арнайы барып көрген жергілікті билік өкілдері мұндай құрылғылардың санын арттырып, қаладағы әрбір азық-түлік, сауда орындарының алдына орнатуды жоспарлап отыр.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу