Қарағанды қаласында коронавирустан тағы бір адам қайтыс болды

01.04.2020

Қарағанды қаласында коронавирус инфекциясынан бір адам қайтыс болды. Ол 62 жастағы ер адам тек 30 наурыз күні ауруханаға ауыр жағдайда жатқызылған. Яғни карантинде болмаған. Науқастың өкпесінің қабынуын байқаған мамандар бірден жансақтау бөліміне оқшаулаған. Алайда бүгін таңертеңгі 7:10-да жүрегі тоқтаған. Тек қайтыс болғаннан кейін алынған сынамалар қорытындысы бойынша оның COVID-19 жұқтырғаны расталған.  

Ресми ақпаратқа сүйенсек, марқұммен байланыста 56 адам болған. Соның ішінде 20 адаммен жақын араласқан. Барлығы дәрігерлердің бақылауына алынды. Әзірге ешқайсынан ауру белгілері анықталған жоқ. Марқұмның өзі Теміртауда нотариалдық қызмет етіп, Қарағандыда тұрған. Сондай-ақ науқастың Қарағандыдан өзге өңірлерге, шетелге шықпағаны белгілі болды. Айта кету керек, өңірде қазір карантиндегі адамдар саны 600-ге жетті, 1076 адам үй бақылауында. Ауру жұқтырған адамдардың жағдайы бірқалыпты. Жалпы Қарағанды және оған серіктес Абай, Саран, Шахтинск және Теміртау қалаларына да карантин енгізілді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу