Батыс Қазақстан облысы да күшейтілген карантин режиміне көшті

31.03.2020

Бүгіннен бастап БҚО-да күшейтілген карантин режиміне көшті. Осыған байланысты Орал қаласына азаматтар жұмыс орнынан берілген анықтамасы болса ғана кіріп-шыға алады. Сондай-ақ аудандық әкімдіктер облыс орталығына баратын тұрғындардың тізімін жасайды. Қазір өңірде 90 блокпост қойылса, соның сегізі Оралда. Онда тәулік бойы тәртіп сақшылары мен санитарлық мамандар қызмет етеді. Бұған қоса шаһардың іргесіндегі 100-ден астам саяжайға аптасына екі рет қатынауға рұқсат етіледі.

Қарағанды облысында ертеңнен бастап карантин аймағына кіріп-шығу шектеледі. Бұл аумаққа Қарағанды, Абай, Саран, Шахтиснк және Теміртау қалалары енген болатын. Айта кету керек, ондағы тұрғындардың 25 пайызы облыс орталығында жұмыс істейді. Сондықтан еңбек көші-қоны ескеріліп, бір-бірінің арасында жол жүруге рұқсат етіледі. Теміржол және автовокзалдардың, әуежай мен қоғамдық көлік жұмысына шектеу қойылады. Облыста коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны 13 адамға жетті. Өңірде 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, тағы 514 адам үйлерінде оқшауланған.

Рауан ДИӘЛИ


Хабарламаларға жазылу