Төтенше жағдай ережелерін бұзғандар қамауға алынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай ережелерін бұзғандар қамауға алынуда

30.03.2020

Ережені ескермегендер абақтыға жабылды. Төтенше жағдай ережесін бұзғаны үшін Түркістан облысында 5 азамат, Шығыс Қазақстанда көңіл көтеру орнының қожайыны әкімшілік жаза арқалап, қамауға алынды. Түркістандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарында заласыздандыру ісі талапқа сай жүргізілмеген. Ғимараттың кіреберісіне ансептикалық сұйықтықтар қойылмаған. Заң талаптарын осылайша өрескел бұзған 5 азамат 15 күнге абақтыға жабылды. Сондай-ақ тағы 8 кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл салынды.  

Шығыс Қазақстан облысындағы караоке клубтың иесі де тап осындай жазаға тартылды. Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны енді екі апта бойына темір торда отырады.

Көкшетауда да төтенше жағдай талаптарын бұзғандар бар. Кальян бары және шаһардағы ресторандардың бірі шектеуге қарамай, жұмысын жалғастырып келген. Сондай-ақ тағы 3 ақмолалық жалған ақпарат таратқан үшін жаза арқалады.

Маңғыстауда да тойға тыйым болмай тұр. Мұндай тиымдар - індеттің таралмауы үшін, сақтану - саулық үшін жасалып отыр. Сондықтан билік орындары мен полиция баршаны тәртіпке бағынуға шақырады. Заңбұзушылық оқиғасына тап келген куәгерлер болса, тиісті органдарға хабар бергені жөн. Өйткені бұл қоғам алдындағы әрбіріміздің азаматтық жауапкершілігіміз.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу