АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы орынға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы орынға шықты

27.03.2020

Соңғы мәліметке қарағанда, жер шарында коронавирус жұқтырғандар жарты миллионнан асып кетті. АҚШ бұл тұрғыда Қытайды артқа тастап, әлемде бірінші орынға шықты. Және де жұмбақ аурудан 1208 америкалық қайтыс болған. Осылайша, Құрама Штаттар ғаламдық пандемияның жаңа ошағына айнала бастады. Мұнда коронавирусқа 85 мыңнан астам адам шалдықты.

Жалпы алғанда, Американың 21 штатының тұрғындарына үйде қалуға кеңес берілген. Эпидемия, әсіресе, Нью-Йорк пен Луизианада өршіп тұр. Бүгінге дейін жарты миллионнан астам тұрғын тестілеуден өткізілді.

Вашингтон университетінің медицина мектебі зерттеушілерінің сөзінше, жаңа вирус алдағы төрт айда АҚШ-та 81 мыңдай адамды мерт қылуы мүмкін.

Ресейде де коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, мыңнан асып отыр. Солардың 200-ге жуығы өткен тәулікте науқастанған. Пандемиямен күреске армия да тартылмақ.

Мәскеудегі эпидемиялық жағдай өршиді деген қауіп бар. Мұнда 13 миллиондай адам тұрады. Ал, жаппай тест өткізу әзірге мүмкін емес. Кремль басшысы Владимир Путин болса, COVID-19-ды үш айда жеңуден үмітті.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу