Елорда автобустарында жолақыны қолма-қол төлеуге тыйым салынды

27.03.2020

Нұр-Сұлтанда облыстық аурухана мен №1 автобус паркі карантинге жабылды. Емдеу мекемесі қазір қоршауға алынып, онда кіріп-шығуға тыйым салынған. Ал автобус паркінің қызметкері коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғаны анықталды.

Тексеру барысында парк қызметкерінің коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Сондықтан өзге жұмысшылар мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін автобус паркі карантинге жабылды. Ал осы қызметкермен жақын қарым-қатынаста болғандар стационарға жатқызылса, өзгелері үй карантинінде. Сондай-ақ қауіпсіздікді арттыру үшін бүгіннен бастап, жолаушыларға автобустың алдыңғы есігі арқылы кіруге болмайды. Жүргізушілер отыратын жер лентамен қоршалып, жолақыны қолма-қол ақшамен төлеуге де тыйым салынды. Төлем тек электронды түрде жүргізілуі тиіс.

Қазір қоғамдық көліктердің жұмысы шектеліп жатыр. Автобустар тек кешкі 7-ге дейін ғана жүреді. Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы тұру жөніндегі қалалық штап Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктерді мүлдем тоқтату жайлы бастама көтеріп жатыр. Десе де бұл әзірге ұсыныс қана. Есесіне елордаға жақын орналасқан Қосшы, Тайтөбе, Жібек жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат пен Ыбырай Алтынсарын секілді ауылдарға ертеңнен бастап автобус жүрмейді.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу