Еліміз Иран нарығына экспорт көлемін ұлғайту бойынша бірқатар келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз Иран нарығына экспорт көлемін ұлғайту бойынша бірқатар келісімге қол қойды

28.11.2017

Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Иранның Ауыл шарушылығы министрі Махмуд Ходжатимен кездесуде қазақстандық бидайдың тасымалдануына шектеулерді жою, инвестициялар тарту, Иран тарапынан мүйізді ірі қара мен мұздатылған және салқындатылған сиыр етін импорттау туралы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, сапар барысында Асқар Мырзахметов Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрі Моххамад Шариат Мадаримен кездесті. Ислам Республикасы ұн тарту кәсіпорындарының қуатын Қазақстан бидайын өңдеуге пайдаланып, ары қарай дайын өнімді Ирак, Ауғанстан секілді елдерге шығаруды ұсынды. Мұнымен қоса, Қазақстан аумағында күріш өсіріп, оны Каспий теңізі арқылы Иранға экспорттаудың кешенді жоспары бекітілмек. 

Дәурен Есмағамбетов, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгін Иран нарығына 2 000 тонна салқындатылған қой еті мен 100 000 тонна бидай жеткізу жөніндегі келісімшартты бекітуге қол жеткіздік. Сонымен бірге, 200 000 тонна мал азығын сату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Олжас Жұмағұлов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі:

- Егер былтыр жазда Иран нарығына салқындатылған қой етін жеткізудің шарттарын келісуге қол жеткізсек, бұл жолғы сапар кезінде мұздатылған қой етін экспорттауға қатысты келісімге келдік. Сонымен қатар, қазір Иран тарапымен сиыр етін жеткізу шарттары қарастырылуда.  

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу