Қазақстанда маскаларға бірыңғай баға белгіленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда маскаларға бірыңғай баға белгіленеді

18.03.2020
Қазақстанда маскаларға бірыңғай баға белгіленеді

Қазақстанда маскаларға бірыңғай баға белгіленеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Мемлекеттік комиссия бұл тұрғыда нақты шешім қабылдады. Ең алдымен қандай да бір қаперге алынбаған жайттар болмауы үшін маска шығаратын барлық медициналық зауыттар бақылауға алынады. Бұған қоса, бүкіл логистиканы бақылаймыз. Егер бұған дейін мемлекет ауруханалар үшін ғана маскаларды сатып алуға жауап берсе, ендігі уақытта белгілі бір дәріханаларға жеткізілуін қадағалаймыз. Комиссия шешіміне сәйкес, маскалар белгілі бір бағамен дәріханаларға жеткізіледі», - деді министр отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ медициналық маскаларды алып-сатумен айналысқандарға қатаң жаза белгіленеді.

«Қазіргі уақытта маска алыпсатарларын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Комиссияда өмірлік маңызы бар тауарлардың шекті бағасын белгілеу құзіреті бар. Дүрбелең болмауы үшін қара нарықта екі есе қымбат тұратын маскаларды өз құнынан төмен бағаға сатуға мәжбүрлей алмаймыз. Сондықтан біз бірыңғай әділ баға белгілейміз. Бірақ кез келген алыпсатарлық қатаң жазаланады, үлкен айыппұлдан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін бар. Біз мұндай ұсынысты енгіздік. Үкімет мұны заңгерлермен бірлесіп қарастырып жатыр»,- деді Елжан Біртанов.

Хабарламаларға жазылу