ДДСҰ вирусты пандемия деп таныды

12.03.2020

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралуын пандемия деп жариялады. Жаһанға жаппай тараған дерт 118 мемлекетте анықталып отыр. Жұқпалы инфекция қаупінен бүгін Грекияда Олимпиада алауын жағу рәсімі де жанкүйерсіз өтті. Ал АҚШ-та конгресс мүшесінен коронавирус анықталды. 

Қытайда эпидемияның беті қайта бастады. Соңғы тәулікте вирус жұқтырған 13 адам ғана тіркелді. Олардың алтауы шетелдік. Елдегі барлық науқастардың 77 пайызы жазылған. Дегенмен, жаһандағы ахуал күннен күнге ушығып барады.

Эпидемия өршіп тұрған елдің бірі - АҚШ. Вирустың таралуын тоқтату мақсатында, Ақ үй басшысы Ұлыбританиядан басқа Еуропа елдерімен арадағы сапарларға 30 күнге тыйым салды. Сонымен қатар, ұлттық баскетбол қауымдастығының ойындары тоқтатылды.

Ал таиландтықтар талайды толғандырған маска мәселесін өздері шешуге кірісті. Тұрғындар бетпердені өздері тігіп жатыр.

Италияда карантин жарияланған соң, сауда орындары жабылды. Тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істеп тұр. Соңғы мәліметке сәйкес, әлемде қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 125 мыңнан асып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу