Қарағандыда 90 мың бетперде әлеуметтік дәріханаларға жөнелтілді

11.03.2020

Қарағандыдағы жаңа кәсіпорын алғашқы 90 мың бетпердені әлеуметтік дәріханаларға жөнелтті. Алдағы күндері жекеменшік дәріханаларға да жеткізу жоспарда. Денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, облыста бұдан былай бетперде тапшылығы болмайды.Қазір өңірде короновирусқа қарсы шараларды кешенді түрде жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылған. Дәрі-дәрмек пен медициналық керек-жарақ алу үшін республикалық бюджеттен қосымша 39 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса аймақтағы емдеу мекемелері жанынан 400 орындық арнайы госпиталь дайындалды. Қазір Оңтүстік Кореядан келген 12 адам карантинде.

Ал, Қостанайда коронавирус инфекциясының таралуынан сақтану жөніндегі комиссия құрылды. Сонымен қатар кеңесші дәрігерлер тізімі жасалып, қауіпті дерт пайда болған жағдайда әрекет ету жоспары дайындалды. Қазір облыс бойныша Қытайдан келген бір азамат карантинде жатыр. Оның жағдайы қалыпты, бойынан инфекция белгілері байқалмайды. Ел қазынасынан дертке қарсы күреске Қостанай облысына 35,7 миллион теңге бөлінген.

Руслан НҰРЛАН, Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу