Италияға әуе рейстері тоқтайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италияға әуе рейстері тоқтайды

11.03.2020

Ертеңнен бастап, Италияға әуе рейстері тоқтайды. Себебі соңғы күндері бұл елде коронавирус өршіп тұр. Вирус жұқтырғандардың саны 10 мыңнан асып, қайтыс болғандар 500- ге жуықтады. Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, осы елдерден келген қазақстандықтар 14 күн карантинге алынуы тиіс. Алайда, жолаушылар бірі карантин талабына бағынбаса, енді бірі мүлдем оқшауланбаған.

Италия барлық елдерге қатынасты тоқтатты. Қазір көшеде жүрген адамдар аз. Ал дүкендерде тірі жан жоқ. Далада ұзақ жүруге тыйым салынған. Мектеп, университеттер онлайн режимге көшті.

Жамбылдық азаматша 8-наурыз күні Оңтүстік Кореядан келген. Бірден 14 күнге карантинге алынады. Бірақ, бұл талап жолаушыға ұнамаса керек. Мекемеден сытылып қашып шығады. Арада екі сағат өткенде дәрігерлер байланысқа шығып, келіншек ауруханаға қайта жатқызылды.

Жалпы Денсаулық сақтау министрлігі осы уақытқа дейін 4650 адамға мониторинг жүргізген. 1-а санаты бойынша 1217, 1-б санаты бойынша – 189, 2 – санат бойынша 3244 адам бақылауда.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу