Қазақстандағы кәсіпорындар енді өндірістерін Өзбекстан аумағында кеңейтуге мүмкіндік алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы кәсіпорындар енді өндірістерін Өзбекстан аумағында кеңейтуге мүмкіндік алды

23.10.2017

Қазақстандағы фармацевтика, трансформатор құрастыру және алюминий профильдерін шығаратын кәсіпорындар енді өндірістерін Өзбекстан аумағында кеңейтуге мүмкіндік алды. Көршілес екі ел кәсіпкерлерінің Ташкент қаласында өткен бизнес форумында 18 миллион доллар болатын осындай жобаларға келісім жасалды.

Басқосуға еліміздің ең ірі 32 кәсіпорны мен өзбек жағынан 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Олар сондай-ақ, форумда Өзбекстанның әскери және құқық қорғау органдарына арналған киім-кешек пен арнайы құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі, мұнай-газ, тоқыма өнеркәсібі және аграрлық салада екі жаққа тиімді кластерлік жүйе қалыптастыру жайын да талқылады.

Айта кетерлігі, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс биыл күрт өсті. Биыл 9 айдың өзінде екі ортадағы тауар айналымы 1 миллиард долларға жеткен. Бұл былтырғы жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда 40 пайызға артық. Ал, 2020 жылға қарай қазақ-өзбек арасындағы сауда-саттық көлемін 5 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық 206 инвестор өз жобаларын жүзеге асыру үстінде.

Асқар Арынов, «Kazakh Invest» ҰК басқарушы директоры:

- Бизнес форум аясында еліміздегі 10 еркін экономикалық аймақты таныстырдық. Өзбек инвесторларына жасалатын жеңілдіктер жайы айтылды. Мұндағы мақсат - көршілеріміз үшін Қазақстан Еуразиялық экономикалық аймаққа енудің тиімді жолы. Сондай-ақ, біз өзбек жағымен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы шығырылған өнімді үшінші елге сатуға мүмкіндік аламыз.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу