«Самұрық-Қазына» қоры инвесторларға жекешелендіру бағдарламасының жоспарын таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» қоры инвесторларға жекешелендіру бағдарламасының жоспарын таныстырды

16.10.2017

Соңғы он жылда шет мемлекеттерден ел экономикасына құйылған инвестиция көлемі 200 миллиард АҚШ долларына жетті. Былтыр бұл инвестицияның мөлшері 14 млрд. АҚШ долларына өскен. Бұл жайында Гонконгта өткен инвестор күнінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» қоры азиялық инвесторларға жекешелендіру бағдарламасының жоспары мен қоржындық компанияларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды.

Қор мемлекеттік активтердің 200-ден астамын бәсекелестік ортаға шығаруды жоспарлаған. Гонконгтегі басқосуда Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әлеуетті инвесторларға жекешелендіруге ұсынылған компаниялар таныстырылды. Бірінші кезекте «Қазатомөнеркәсіп», «Air Astana» мен «Қазақтелеком» сынды компанияларды IPO-ға шығару жоспарланған.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Ұлттық компанияларды 100 пайыз сатайық деп отырған жоқпыз. Бұл компанияларды миноритарлық пакет дейді. 25 пайызға дейін сатуға ынталымыз қазір. Мұның мақсаты тек қана біздің елге ірі компаниялардың инвестициясын тарту емес, сонымен бірге, олардың технологиясын, білімін, үлкен халықаралық деңгейдегі басқару жүйесін Қазақстанға тарту болып табылады.

Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев бүгінгі күннің өзінде Қорда жеке капиталдың тиімділігі әлемнің жетекші қорлары деңгейінде екенін атап өтті. 2017 жылдың бірінші тоқсанында «Самұрық-Қазына» тәуелсіз әл-ауқат қорларының жариялық рейтингісі бойынша 10 ұпайдың 10-ын иеленді. Қор нарықтық реформаларды ендіру, дамудың негізгі салаларына шетел инвесторларын және стратегиялық серіктестерді тарту бағытында өз жұмысын жалғастыруда.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Біз барлық күшімізді мына үш бағыттағы жұмыстарға арнаймыз. Бірінші, Еуразиялық экономикалық одақ. Екінші, «Нұрлы жол» -  ішкі жобамыз. Сонымен бірге, Қытайдың ұсынысымен басталған «Бір белбеу - бір жол» жаңа Жібек жолы жобаларына жұмылмақпыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 1993 жылдан бастап Қазақстанға Қытайдан тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 40 млрд. АҚШ долларын құрады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру арқылы Қытай және Еуропа мемлекеттері арасындағы жүк ағынының 8% жуығы 2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу