Коронавирус әлем елдерінде туризмді тұралатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус әлем елдерінде туризмді тұралатты

05.03.2020

Коронавирус барлық салаға да әсерін тигізіп жатыр деуге болады. Соның бірі — туризм. Сарапшылар қазірден шығынды есептеп жатыр. Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының болжамынша, ұшақ билеттерін сата алмаған авиакомпаниялар 30 миллиард доллар жоғалтпақ. Шығынға белшеден бақандығын айтып, Бельгиядағы мейрамхана, қонақ үй иелері үкіметтен көмек сұрауда.

Себебі короновирустың кесірінен туристердің толқыны күрт төмендеді. Ел астанасы Брюссельдің бас алаңында орналасқан Марко Дюпоның мейрамханасында бұрын ине шаншар жер болмайтын. Қазір іші-сырты бос тұр. Пайда жоқ. Шығын көп.

Тұрғындар бөлмеден бас тартып, ақшасын кері қайтарғандықтан Брюссельдегі отельдер 10 миллион евро шығынға батқан. Бұл тек айсбергтің басы ғана екенін айтады кәсіпкерлер. Өйткені Еуропалық Одақ астанасында көктемге жоспарланған халықаралық жиындар мен маңызды басқосулар короновирусқа байланысты өткізілмейді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу