Коронавирус әлемнің 70-тен астам еліне тарап үлгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус әлемнің 70-тен астам еліне тарап үлгерді

05.03.2020

Әлемді жайлаған эпидемияға байланысты халықаралық іссапарларға тыйым салынып жатыр. Осы себеппен де, Қытай президенті Си Цзинпинь мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абенің ресми кездесуі шегерілді. Коронавирус қаупінен әйгілі Джеймс Бонд туралы фильмнің сәуірдегі тұсаукесері де кейінге қалды. 

Оңтүстік Кореяда коронавирустың өршуінен Кёнсан қаласы «арнайы бақылау аймағына» алынды. Инфекция қарттар үйіне де жеткен. Тіпті, сот отырыстары да онлайн режимге көшті. Сонымен қатар, елде маска экспортына тыйым салынды.

Ал, Таиландта шет мемлекеттерден поштамен жіберілген әрбір зат дезинфекцияланып жатыр.

Италияда ірі спорттық шаралардың барлығы бір ай бойы жанкүйерсіз өтеді. Себеп сол – коронавирус. Емі жоқ дерт жер шарының 70-тен астам еліне тарап үлгерді. Қауіпті инфекцияға шалдыққандар саны 95 мыңнан асып, 3200-дейі одан көз жұмды.

Эпидемия өршіп тұрған қауіпті мемлекеттер қатарына Қытайдан бөлек, Италия, Иран, Оңтүстік Корея еніп отыр. Бүгін Швейцарияда инфекциядан алғашқы науқас қайтыс болып, АҚШ-та құрбандар саны 11-ге жетті.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу