Диплом сату қазір қып-қызыл қаржы әкелетін қалыпқа түскен бизнеске айналды. Бұрын айтылды, бүгінде бар түйткіл бұл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл сорақылықты тоқтату керек деп салаға жауаптыларды іреп салды. Заңсыз саудамен жалғыз адамның айналыспайтыны белгілі сондықтан, мұның салдарымен ғана күреспей себебін анықтап түп-тамырымен жою біздің міндет. Қайтіп құртуға болады?
Диплом сатып елдің ертеңін тұсаулап өзінің бүгінін бүтіндеп алуға ұмтылғандардың бірнешеуін атайын. Міне, Қостанайда 50 жастағы азамат жалған дипломмен жұмысқа тұрмақ болған. Әшкере болды, сот оны айыпты деп тапты. Елуде ес кірмегесін не сұрайсың бұлардан енді? Мына сұмдықты қараңыз, құзырлы орындар айтты, 2015 жылы Қарасу атты ауылдың әкімі болуға ұмтылған азамат жоғарғы білімі жөніндегі табақтай дипломды тапсырған. Сөйтсе онысы жалған құжат екен. Масқара, Қарасулықтарды Құдай сақтапты енді. Ол ол ма, Ақмола облысы Біржан сал ауданының прокуратурасы 15 ұстаздың жұмыс орнына өтірік диплом тапсырғанын анықтады. Сонда олар кімді алдап, кімді оқытпақшы болды. Естисің де есің шығады. Тағы бір сұмдық өткен жылы әшкере болды. Ақтөбедегі 34 педагогтың жоғарғы білім туралы дипломын құжатта жазылған ЖОО растамады. Яки диплом жалған. Оның ішінде балабақша, мектеп пен колледж мұғалімдері бар. Сонда сіз бен біздің баламызда өтірік диплом алған ұстаз оқытса ертең шәкірттен не талап етеміз өзі? Ақтөбеде анықталған сорақылықтың тағы бір тұсы, 34 педагогтың бесеуі музыкалық колледжде дәріс береді екен. Дипломдарына қарасаңыз, олардың аймақтық Жұбанов атындағы университетті «фортепиано» мамандығы бойынша тәмамдағаны жазылған. Диплом бар. Бірақ, аталған университетте «фортепиано» мамандығы мүлдем оқытылмайды екен. Ұстаздар осылай алдаса бүгініміз тұрмақ ертеңіміз не болады?
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ