Қаржы пирамидасына қатысы бар 2 күдікті шетелге қашып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы пирамидасына қатысы бар 2 күдікті шетелге қашып кеткен

26.02.2020

Қаржы пирамидасына қатысты тағы үш адамға іздеу жарияланды. Сонымен қазір іздеуде жүргендердің саны 12-ге жетті. Күдіктілердің екеуі шетелге қашып кеткен. Олар Ресей мен Қырғызстанда жүруі мүмкін деген ақпарат бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлап отыр. Ал былықтың басы-қасында жүргендердің 15-і қамауға алынды. Бүгін Шымкентте «Естэйт Ломбард» компаниясының филиал директоры ұсталған видео тарады. Ал тінту жұмыстары кезінде 30-дан астам көлік пен 21 пәтер және 3 үйдің құжаттары табылған. Олардың бәріне бұғат қойылды. Оңай олжаны көздегендер елдің 13 өңірінен кеңсе ашқан. Алаяқтарға алданғандардан түсіп жатқан арыздардың саны да артып отыр. Үш мыңнан асты. Жалпы, алаяқтар қазақстандықтарға 5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Тінту барысында оның 40 миллион теңгесі тәркіленді.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу