3 қаржы пирамидасына қатысты 22 қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 қаржы пирамидасына қатысты 22 қылмыстық іс қозғалды

25.02.2020

Үш қаржылық пирамида қазақстандықтарға 5 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Қазір оларға қатысты 22 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілдері хабарлады. Қазір осы ұйымдардың құрылтайшыларына іздеу жарияланды. Жалпы 9 адам іздеуде, ал 13 адам қамауға алынды. Министрлік қаржылық бақылау комитеті, прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Банк шоттары тексерілуде. Мүлік пен қаржы табылған жағдайда соттың шешімімен иелеріне қайтарылады. 

Қаржылық пирамидаға қатысы барлар қазір шетінен ұсталып жатыр. Олар қазақстандықтарға 5 миллиард теңге шығын келтірген. Қазір 22 қылмыстық іс қозғалды. Былықтың басы-қасында жүрген 13-і қамауға алынды. Тағы 9-ы іздестіріліп жатыр. Ал тінту жұмыстары кезінде жүзден астам көлік пен 21 үй-жай құжаттары анықталған.

Еселеп пайда табуға шақырғандардың арасында өнер жұлдыздары да бар. Салымшылардың көбі солардың сөзіне иланып қалған.

Ал қылмысы дәлелденетін болса қаржы пирамидасын ұйымдастырып, халықтың ақшасын жымқырғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу