Ломбардтар заң бойынша арнайы тіркеуден өтуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ломбардтар заң бойынша арнайы тіркеуден өтуі тиіс

25.02.2020
Ломбардтар заң бойынша арнайы тіркеуден өтуі тиіс

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ломбардтар міндетті түрде агенттікте тіркеуден өтуге тиіс. 

2019 жылғы 3 шілдедегі «Микроқаржылық қызмет туралы» заңға сәйкес ломбардтардың жеке тұлғаларға микрокредит беру қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметке жатқызылған. 

«Бұл ретте өз қызметін жүзеге асыру үшін ломбардтар 2020 жылғы 1 шілдеден кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өтуі қажет. Одан кейін агенттік осы ұйымдарды реттеп отырады. Бүгінде ломбардтардың бір де біреуі есептік тіркеуден өту үшін агенттікке өтініш жасамаған. Тиісінше, микроқаржы ұйымдарының тізімінде жоқ», делінген хабарламада.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі ломбардтардың қызметін реттеуді олар есептік тіркеуден өткеннен кейін бастайды. 

«Осыны ескере отырып, ломбардтардың қызметін пайдаланған кезде қол қою алдында барлық құжаттарды мұқият зерделеуге кеңес береміз. Ломбардтардың қызметі ҚР Азаматтық кодексімен реттеледі, оған сәйкес ломбардтар халыққа микроқарыз беруге құқылы. Қазақстан Республикасының аумағында халықтан ақшаны тек екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Ұлттық почта операторы агенттік атынан уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия негізінде тарта алады. Қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ немесе агенттікте есептік тіркеуден өтпеген компаниялармен шарттық қатынастарға түсе отырып, азамат барлық ықтимал тәуекелдерді өз бетінше бағалауға және өз әрекеттері үшін жауапты болуға тиіс екендігіне назар аударған жөн», - дейді агенттіктен.

Хабарламаларға жазылу