Коронавирус әлемге жедел тарай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус әлемге жедел тарай бастады

24.02.2020

Қытайда өршіген коронавирус әлемді тез шарпып, пандемияға айналады деген қорқыныш күшейіп келеді. Соңғы мәліметке қарағанда, Италияда жаңа инфекцияны жұқтырғандар 150-ге жетіп, үшеуі одан қайтыс болған. Сондықтан елде төтенше жағдай жарияланып, Миланда Armani сән апталығы доғарылып, мектептер уақытша жабылды. 

Ал Оңтүстік Кореяда COVID-19 вирусына шалдыққандар 760-тан асып, емі жоқ аурудан 7 адам қайтыс болды. Осыған байланысты мемлекет аумағында инфекциялық қатер дабылы ең жоғары деңгейге көтерілген. 

Ирандағы жағдай да мәз емес. Мұнда коронавирус бүгінге дейін сегіз адамның өмірін жалмады. Сонымен қатар оны жұқтырғандар саны күрт көбейіп, 43-ке жетіп отыр. 

Қытайдың өзінде өткен тәулікте жұмбақ пневмониядан тағы 150 адам жантәсілім етіп, құрбандар қатары 2600-ге жақындап қалды. 

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу