Шымкентте әскери бөлімнен сарбаз қару-жарақ алып қашқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте әскери бөлімнен сарбаз қару-жарақ алып қашқан

20.02.2020

Бүгін таңғы сағат 4-тер шамасында Шымкенттегі 10/216 әскери бөлімінен аға сержант Абылай Балғынбай есімді жауынгер қару-жарақ алып, қашып кетті. Ол өзімен бірге 30 Калашников автоматын, 27 тапанша мен 2 травматикалық қаруды ұрлап шыққан. Сондай-ақ автоматтың 420, тапаншаның 24 оғын қоса әкеткен. Бекінісі мықты, тәулік бойына қырағы күзетілетін әскери бөлімнен оның қалай қашып шыққаны белгісіз. Оқиға орнына түс қайта Қорғаныс министрлігінің өкілдері тікұшақпен шұғыл жетті. Арнайы жасақталған топ әскери бөлімнің маңайын тінтіп шықты. Әскери бөлімнің қос қапталындағы Шымкент пен Арыс қаласына кіре берісіне блок-пост орнатылды. Темір жол және басқа да көлік объектілері күзетуге алынды. Жолдар бойына полиция көліктерді қатаң тексеруден өткізуде. 25 жастағы жауынгер 2015 жылдан бері осы әскери бөлімде зенитті атқыш, радиотехникалық батареяның оператор механигі болып қызмет еткен. Ал өткен жылдың қазан айынан бастап бөлімше командирі қызметінде болған.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу