Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр

14.02.2020

Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр. Әсіресе соңғы жылдары Күршім ауданының халқынан маза кетті. Қалжыр ауылы тұрғындарының айтуынша, қой мен сиыр қорадан, жылқы даладан үйір-үйірімен жоғалып жатыр. Бруцеллезге байланысты карантин жарияланған аумақта ұрлық тіптен өршіген. Сондықтан ауру малдың етінен адамдардың кесел жұқтырып алмасына кепіл жоқ.  

Полицияның мәліметіне жүгінсек, былтыр Күршім ауданында 22 мал ұрлығы тіркелген. Оның тең жартысы осы Қалжыр ауылдық округіне тиесілі. Тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алу бойынша біраз жұмыс атқарылғанын, ал Өскемен мен Зайсан қаласына баратын жолдарда бекет те қойылғанын алға тартып отыр.

Мал ашуы, жан ашуы. Ел-жұрт жоғалған малды құқық қорғау органдары ізін суытпай іздемейді деп налыса, полиция тұрғындар өз малына дұрыс қарамайды деп айыптап отыр. Осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қараусыз жүрген төрт түлікті айыппұл тұрағына қамауға дейін барған.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу