Еліміздегі жасы ең үлкен волонтер Қарағандыда тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі жасы ең үлкен волонтер Қарағандыда тұрады

13.02.2020

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Сарыөзен ауылында ең жасы үлкен волонтер тұрады. Жерлестері «Сарыөзендегі супермен» деп атап кеткен Минниагзам Авлияровтың жасы 82-де. Қария көп жылғы серігі шынжыр табан тракторымен қыста ауыл ішінің қарын тазаласа, көктемде көмір суағарларын аршиды.

Бұл жұмысы үшін қарияның біреуден қолақтық сұраған күні болмаған. Тракторына да жанармай құй деп жан баласына талап қойған емес.

Минниагзам ақсақалдың ұлты бақұрт. Қазақстанға тың игеру жылдары келіп, осы Сарыөзен ауылдық округінің Тікенекті елді мекенінде өмір бойы механизатор болып істеді. Түздегі тынымсыз еңбекке әбден үйреніп кеткен қария қол қусырып отырғанды жаны сүймейді. Үшінші топтағы мүгедектігіне қарамастан көктемде көпірлерді тазалап, өзен суының деңгейін, бөгеттердің бұзылмауын қадағалайды. Ал жазда аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға тегін шөп шауып, қысқы мал азығын жинап береді.

Ауыл тұрғындары «Сарыөзендік супермен» атап кеткен атай бес баласын бағып-қағып, қазақ халқының салт-дәстүрін бойына сіңіріп өсірген. Келіндері мен күйеу балалары түгел қазақтан. Қарияның талай жылғы қалтқысыз қызметі ескерусіз емес. Тыл ардагерінің кеудесіндегі «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін» марапаттары соның дәлелі. Ал өткен жылы Минниагзам Авлияров «Шапағат» медалімен марапатталды.


Хабарламаларға жазылу