Арқалық қаласын қалың қар басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық қаласын қалың қар басты

13.02.2020

Қостанай облысындағы Арқалық қаласын қалың қар басты. Көшеде көлік түгілі жаяу жүру қиын. Мүлде аршылмаған жолдар да бар. Ал тазартылғанының өзі тар, ойқы – шойқы. Көптеген көпқабатты үйлердің ауласына көлікпен кіру мүмкін емес.

Дегенмен тұрғындардың бірқатары жергілікті билік қол қусырып қарап отырған жоқ деген пікірде.

Көпшіліктің пікірін мамандар келтірген деректер де растайды. Мәселен, былтыр қаладан қыс бойы тек 7 мың текшеметр қар шығарылса, биыл бір айда бұл көрсеткіш 21 мың текшеметрге жеткен. Көшелерді қосқанда Арқалық қаласына қарасты жолдардың ұзындығы 79 шақырым. Оның қардан тазартып күтіп ұстауға 11 миллион теңге бөлінген. 10 техника, 50 адам жұмылдырылған.

Көпшілік қазіргі жағдайға көнгенмен алдағы күнге алаңдайды. Көктемге дейін тау боп үйілген қарды сыртқа тасып үлгермесе, қаланы су басуы мүмкін. Сондықтан жергілікті басшылар облыстан қосымша қаржы сұрап отыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу