Мұғалімдерге сауықтыру жәрдемақысы толық төленбеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалімдерге сауықтыру жәрдемақысы толық төленбеуде

11.02.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы мұғалімдерге жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда берілетін сауықтыру жәрдемақысы толық төленбей жатыр. Бұл мәселені аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы талай жиында көтеріп, атқарушы биліктен ұстаздарға тиесілі ақшаны түгелдей төлеуді талап етуде. Соңғы мәлімет бойынша, тек өткен жыл үшін мұғалімдер жалпы сомасы 300 миллион теңгеге жуық ақшаны ала алмай қалған.

Мұғалімдердің сауықтыру жәрдемақысының мөлшері олардың нақты оқу жүктемесіне сай есептелуі тиіс. Бұл туралы Білім министрлігі мен білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы арасындағы қосымша келісімде анық жазылған. Аймақтық деңгейде де мұндай құжат бар. Бірақ іс-жүзінде мұғалімдер өздеріне тиесілі ақшаны толық ала алмай жүр.

Мұғалімдердің сауықтыру жәрдемақысын толық төлеу мәселесі облыс аумағында әркелкі. Мәселен, Қатон-Қарағай, Ұлан, Зайсан және Шемонайха ауданындағы ұстаздар ақшаларын түгел алып жүр. Облыстағы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы берген мәлімет бойынша, мұғалімдерге сауықтыру жәрдемақысын кешіктіру жағынан Үржар ауданы бірінші тұр. Мұндағы былтырғы қарыздың жалпы сомасы 89 миллион теңгеден асады. Ал қалалар бойынша Өскеменнің мұғалімдерге берешегі көп. 114 миллион теңге.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу