Қазақстан коронавирустың алдын алу үшін қандай шаралар жасауда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан коронавирустың алдын алу үшін қандай шаралар жасауда?

08.02.2020

Дерттің дендегенін, оның ошағын білген екенсің әрекетке көшуге міндеттісің. Алдымен қауіпті аймақта қандас пен отандас бар ма? Анықта, қатер төнсе алып кет. Әлемдегі тәуелсіз елдердің жазылмаған қағидасы осындай. Қазақстанда, ел алдындағы бұл міндетін мүлтіксіз атқарды. Қауіпті аймақтан құтылған жерлестеріміз ұшақтан құшаққа келді. Коронавирус жайлаған аумақтан кете алмай көздері жәудіреп отырған қанша адам бар. Мекені болғанмен мемлекеті әлі алдырған жоқ оларды. Ал Қазақ қашанғыдай дархандық танытты, тек өз отандастарымызды емес, көрші елдердің азаматтарын да әкелдік. Олардың президенті бастап, сыртқы істер министрлігі қостап біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласып қазақ еліне алғыс айтты. Адамзаттың басына қауіп төнгенде менікі, сенікі деп бөлінуге болмайды. Қолыңнан келіп тұр ма, құтқарып қал. Ат сүрініп болғанша ақыл тапқан Қазақтың қағидасы осындай, оны орындауға тапсырма берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанысы да осы. Абайша айтсақ: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Тағы бір маңызды мәселе, қандастарды қайтаратын ұшақ берілді, сол сәтте коронавирус кәріне мінген Қытайдың Ухань қаласына кім барады деген сұрақ туды. Суырылып қазақтың баласы шықты, міне ұшқыш Аслан Асхатұлы. Батырлық ел мен жерді таңдамайды, қапыда дереу шешім қабылдайтын сәт туады. Иә немесе жоқ. Аслан ұшақтың штурвалына отырмаймын десе де, оны ешкімнің жазғыруға, қала берді жауапқа тартуға құқығы жоқ. Өйткені ол адам ретінде алдымен өз қауіпсіздігін ойлайды. Бұл — заңдылық. Бірақ басына іс түскен адамды арашалап қалу қазақтың қанында бар қасиет. Ерлік. Бұл оқумен келмейді, текпен беріледі.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ  


Хабарламаларға жазылу