Тегін Инватакси қызметін мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты түрде пайдаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тегін Инватакси қызметін мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты түрде пайдаланады

07.02.2020

Қостанай қаласында мүгедектерге арналған такси қызметі пайда болғанына биыл 12 жыл. Жоба «Ерікті мүгедектер қоғамы» бірлестігінің бастамасымен жүзеге асқан. Бүгінде инватаксидің жұмысын жүргізіп отырған да осы бірлестік. Қажетті қаржы тендер арқылы мемлекеттен бөлінеді. Инватакси қызметін бүгінде мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты түрде пайдаланады.

Инватакси қызметі тегін. Алайда оны тек 1-ші, кейбір жағдайларда 2-ші топтағы мүгедектер ғана пайдалана алады. Бүгінде бұл арнайы көлік барлығы 1117 адамды қамтып отыр. 400 адам белсенді түрде, яғни күнделікті пайдаланады.

Қазір бірлестіктегі арнайы таксилер саны жетеу. Әр көлікте жүргізушімен бірге көмекші маман жүреді. Осы жеті көлік бір күнде қырықтан астам адамды қажет жеріне апарып, қайтадан үйіне жеткізеді. Кейде тапсырыс түссе жұмыс уақыты аяқталған соң да жолға шығады.

Алайда мыңнан аса адамға толыққанды қызмет көрсетуге жеті көлік аздық етеді. Әсіресе тапсырыс көп түсетін таңғы уақытта межелі жерге мерзімінде жету мүмкін болмай жатады.

Яғни мемлекет таксидің қызметін қаржыландырғанымен көлік сатып алуға ақша бөлмейді. Сондықтан әзірге такси санын көбейтудің нақты жоспары жоқ.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу