Арбаға таңылса да, кәсібінің нәсібін көріп отырған бойжеткен

07.02.2020

Мүгедек болса да мүмкіндігі шексіз. Бізді соған Әйгерім есімді ару куә етті. Ол арбаға таңылса да, бақытты өмір сүру жолынан жаңылмады. Керісінше аяқ-қолы бүтін адамдарды жұмыспен қамтып отыр.

Әйгерім – елордадағы танымал кәсіпкерлердің бірі. Оның қолынан шыққан өнімге қызықпайтын ару кемде-кем. Сәнді киімдерді тігіп, сатады. Басында жіп иіріп, екі бізді ермек қылған ісі қазір үлкен кәсіпке айналды.

Бұрымды бойжеткен тағдыр теперішін көп көрді. 20 жасында жол апатына түсіп, арбаға таңылды. Денсаулығына байланысты оқудан да шығып қалды. Бірақ басына түскен сынақтан ол сынбады. Керісінше, жігерін жанып, күш-қайратын шыңдады.

Әйгерім өзінің мүмкіндігі шектеулі дегенмен келіспейді. Керісінше, мүмкіндігім шексіз дейді. Ол қорқыныштың құрсауында қалып қойған жоқ. Көлікті де өзі жүргізеді. Ал спорт оның айнымас серігі.

Кәсіпкер-бойжеткеннің арман-мақсаты көп. Ең үлкені – көпке үлгі болу.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу