Ухань қаласында жүрген 80 студент елге жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ухань қаласында жүрген 80 студент елге жеткізілді

02.02.2020
Ухань қаласында жүрген 80 студент елге жеткізілді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы елімізге 83 қазақстандықты, оның ішінде ҚХР Ухань қаласында жүрген 80 студентті жеткізді. 

Елге оралған азаматтар денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін қаладан 7 шақырым жерде орналасқан арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды. 

Медициналық мекемеде эвакуацияланған азаматтар қосымша тексеруден, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияға тестілеуден өтеді. 

Карантин кезеңі кезінде елге келген адамдармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық персонал ғана байланыста болады.

Елге жеткізілген азаматтардың туған-туыстары мен жақындары хабардар етілді және олар карантиндік кезеңнің регламентімен таныстырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚХР-ға 13,6 тонна көлемінде медициналық бұйымдар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді. 

Қазақстан билігі Қырғызстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Армения Республикасы биліктерінің өтініші бойынша осы елдердің де азаматтарын ҚХР Ухань қаласынан эвакуациялады. 

Барлық қажетті ақпаратты ұсыну үшін тәулік бойы 1406 сall-орталығы жұмыс істейді.

Хабарламаларға жазылу