Коронавирус Қытайдың барлық өңіріне тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус Қытайдың барлық өңіріне тарады

30.01.2020

Коронавирус эпидемиясына байланысты Қытайда шетел компаниялары өздерінің зауыт-фабрикалары мен дүкендерін уақытша жауып жатыр. Оңтүстік Корея жұрты, Қытайдан эвакуациялануы мүмкін 700-дей адамды елден алшақ ұстауды талап етіп, шеруге шықты.

Қытайда жұмбақ коронавирус барлық аймақтарға тарады. Соңғы тәулікте оны тағы 1740-қа жуық адамның жұқтырғаны расталып отыр. Осылайша, өкпені қабындыратын жаңа инфекцияға шалдыққандардың жалпы саны 7700-ден асып, 170 адам қайтыс болған. Қауіпті вирустың адамнан адамға берілетіні анықталып отыр. Сондықтан бүгінде елдің көптеген қалаларының көшелері мен сауда орындары босап, тұрғындар арасында қарым-қатынас сиреген.

Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өршіген эпидемияға байланысты әлемде төтенше жағдай жариялау мәселесін қайта қарастырады. Ал шет мемлекеттер Қытайдағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Соңғы тәуліктің өзінде АҚШ пен Жапонияға жүздеген адам мінген ұшақтар аттанды.

Қытай ғалымдары дауасы жоқ короновирустың генетикалық кодын тез тапты. Бұл ақпарат зерттеушілерге жұмбақ инфекцияның қайдан келгенін, қалай мутацияланатынын және одан адамдарды қалай қорғауға болатынын анықтауға көмектеседі деген үміт бар.

Коронавирус Қытай экономикасына кері әсер етіп, ғаламдық сұранысты төмендетеді деген қауіп туындап отыр. Сондықтан бүгін Токио, Гонконг, Тайвань және өзге де азиялық биржаларда акциялар мен валюталар арзандады.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу