Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны 132-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны 132-ге жетті

29.01.2020

Тағы 6 мыңға жуық адамның оны жұқтырғаны расталып отыр. Осыған байланысты елде маскаға сұраныс күрт артты. Бүгін Шанхайда оны сатып алу үшін таңертеңнен бері жүздеген адам кезекте тұр. 

Елді тез шарпыған жұмбақ инфекция орталықтағы Хубей провинциясының Ухань қаласында өткен айда табылды. Эпидемияға байланысты бұл аймақта 60 миллиондай адам тұратын ондаған қала оқшауланған.

Ал, Австралияның Мельбурн қаласының ғалымдары коронавирустың көшірмесін Қытайдан тыс жерде алғаш рет жасағандарын жариялады. Олардың ойынша, бұл жаңалық бүкіл әлемге тарап жатқан дертпен күресуге жәрдемдесуі мүмкін. 

Ресми Бейжіңнің хабарлауынша, коронавирустың эпицентріне айналған Уханьда дереу екі госпиталь салынып жатыр. Олардың бірінің құрылысы аяқталды деген мәлімет бар. Жергілікті биліктің сөзінше, бұл медициналық мекемелер жаңа вирусқа шалдыққандарды таяу күндері қабылдай бастайды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу