Қытайдағы студенттерді қайтару мәселесі қысқа мерзімде шешілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдағы студенттерді қайтару мәселесі қысқа мерзімде шешілмек

27.01.2020

Студенттерді қайтару қысқа мерзімде шешіледі. Бүгін еліміздің Бас санитары Ухань қаласындағы білім алушылардың мәселесі жақын арада реттелетінін мәлімдеді. Айталық, бүгінде қатерлі індет тараған шаһарда Қазақстанның 94 студенті бар. Ал туристік агенттіктер 800-ден астам отандасымыздың Қытайда демалып жүргенін айтты. Жерлестеріміз елге қашан оралады? Сақтық шаралары қандай.

Алматылық Дина Ахметова Ухань университетінің 6-курс студенті. Болашақ дәрігер ауруханада тәжірибеден өтіп жүр. Айтуынша, вирус таралғаннан бері, қаладағы жағдай күрт өзгерген.

Дина әзірге елге қайтуға асықпайды. Өйткені, қатерлі вирустың сейілгені дұрыс деп санайды. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі сыртта жүрген студенттерді бақылауда ұстап отыр.

Жалпы, Қазақстан-Қытай арасында 17 рейс қатынайды. Қазіргі уақытта олардың бірқатары уақытша тоқтады.

Ал Қазақстан азаматтарын Қытайдан тасымалдау шаралары жалғасады. Өйткені, туристік агенттіктердің мәліметінше, 800-ден астам қазақстандық азамат қазір Қытайда демалып жүр. Алдағы уақытқа жоспарлаған жолаушылар болса, жолдамаларын қайтарып, кейбірі билеттерін басқа елге ауыстырған.

Осыған байланысты елімізде сақтық шаралары күшейді. 4 аймақта профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Жоспарға сай, Қытайдан келген азаматтар 14 күн бойы үздіксіз тексеруден өтеді. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан 10 мыңнан астам инфекциялық төсек орын дайын.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу