Мемлекет басшысы БАӘ ресми сапармен барды

27.01.2020

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері қаржы саласы, өңдеу өнеркәсібі және балама қуат көздері бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, БАӘ-ге ресми сапары кезінде Абу Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ кездесуде мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады.

Бұл – Президент сарайы Каср әл Ватан. Өзінің сән-салтанатымен тамсандырады. Күмбезі биік, іші кең. Ғимарат бастан-аяқ қымбат материалдармен салынғаны көрініп тұр. Байлықтың иісін сездіреді. Әлбетте, байлықтың кілтін білетін елмен жан-жақты байланыс орнатудың маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.

Иә, әмірліктер біз үшін барлық жағынан маңызды елге айналды. Бір-бірімізге – барыс-келісіміз жиі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ тарапы Араб әмірліктеріне ресмиі бар, жұмыс сапары бар 16 мәрте келсе, осы елдің шейхі Заид Нахаян Қазақстанға 9 рет барыпты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде және жыл басындағы алғашқы ресми сапары.

Мұндағы діндес бауырлар қазақ басшысын салтанатты жағдайда қарсы алып, шынайы ықылас танытты. Сосын, екі елдің басшылары, Елбасы қазығын қағып берген сыйластық әрі сенімді қарым-қатынасты тереңдетудің маңызды мәселелерін талқылады.

Кешегі шөлді жер, бүгінде экономикасы қуатты ел. Дамыған алып әмірліктердің біз сынды жас мемлекетке тәжірибесі қызық. Сондықтан бұл кездесу – екі ел арасында бекіген берік байланысты жаңа деңгейге көтермек.

Қазір Қазақстан мұнай мен газға тәуелділіктен арылу үшін экономиканы әртараптандыруды қолға алды. Ол үшін бізге БАӘ-ның инвестициясы мен тәжірибесі керек.

Әмірліктердің барлық өңдеуді өнерден артық мегергені тағы бар. Бизнес форумның қорытындысында, екі тарап нақ осы бағыттар бойынша қомақты 3 келісімге қол қойды. Мұндағы жаңа келісімдер – біздегі жаңа жұмыс орындары.

БАӘ бизнесмендері қазақ жеріне қаржы құюға даяр. Себебі Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, экономикалық тұрақтылық бар.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу