Қазақстанда коронавирустың алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда коронавирустың алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

27.01.2020
Қазақстанда коронавирустың алдын алу шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

Қытайда коронавирустың жылдам таралуына байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шара қабылдады.

Министрлік мәліметінше, елімізде коронавирусқа қатысты сарапшылардан құралған республикалық штаб құрылды. 

Сонымен бірге, коронавирус инфекциясын алдын алудың ұлттық жоспарының жобасы әзірленді. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау басқармаларында пациенттер келіп түскен жағдайда онда инфекциялық стационарларды дайындау және оларды тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. 

Медициналық мамандарды теориялық және практикалық (тренинг, оқу) дайындығы пысықталып, тексерілді. Медициналық ұйымдарды үзбей қамтамасыз етуге тиісті дәрілік-дәрмектердің тізбесі әзірленді. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына барып, жалпы жағдаймен танысты. Бұған қоса, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту шаралары қолға алынуда. 

Сонымен қатар, Қазақстанда коронавирусқа байланысты жедел желі іске қосылды (1406, +7 717 2 76 80 43). 

Коронавирустың алғашқы белгілері – бастың ауруы, тұмау, кеудедегі ауырлық, өкпенің қабынуы, қызудың көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі, демнің жеделдеуі. «Мұндай жағдайда ем шарасын өздігімен қабылдамай, бірден 103 нөміріне хабарласу керек!» - деп ескертеді министрлік. 

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. 

26 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөнінде кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. 

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды.

Қазақстан коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алуды бастады. 

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, карантинге жабылған Қытайдың Ухан қаласында бүгінде Қазақстаннан 230 студент оқиды. Олардың 98-і ғана қалада қалып отыр. Қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда профилактикалық шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде.

Хабарламаларға жазылу