Елімізде күн сайын миллиардтаған қаржы желге ұшады

23.01.2020

Елімізде күн сайын миллиардтаған қаржы желге ұшады. Сарапшылар халық той-думанға азық-түлікті есепсіз алады деген қорытындыға келді. Ысыраптың кесірінен Қазастанда қаншама ас қоқысқа төгіліп жатыр. Ал әлемнің бірқатар елдері сол қалдықтың өзінен мол табысқа кенелуде. Бізде бәрі керісінше, шығын көп, пайда жоқ. Салдарынан қоршаған ортаға залал көп.

Тойханалардағы дастарханға қойылатын тағамның 20-30 пайызы қоқысқа төгіледі. Әсіресе, той-думан, ас берілгеннен кейін артылған тамақтың көп мөлшері тасталады.

Мәселе — осында. Қалған қалдықтың бәрін тұғындар бір қорапқа тығындап, тастай салады. Қоқыс бастапқыда сұрыпталмаған соң қайта өңделетін шикізат ретінде құндылығын жояды. Мұндағы жұмысшылар осылай пакеттерді бір-бірінен ажыратады. Нәтижесі де шамалы - шыны, қағаз, пластик өнімдері ғана сұрыптауға келеді.

Ал Еуропа елдері қоқысты барынша қайта өңдеп, кәдеге жаратуға жанталасуда. Өйткені, табыстың көзі екенін біліп алған. Арнайы контейнерлерге салынатын шыны сауыттардың 96 пайызы жаңадан шығарылады. Ал қайта өңдеуге жарамайтын қоқыс, тамақтың қалдығы үлкен пешке салынып өртеледі. Әрі қарай одан электрэнергиясы өндіріледі. Яғни жылына жиналатын 500 мың тонна қоқысты өртеп, зауыт 262 млн.кВт тоқ өндіріп отыр.

Келесі жылдан бастап біздің елде де қоқысты көмуге тыйым салынады. Қазір осы заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына жолданды. Өйткені елімізде қазір 3000-нан астам қоқыс полигоны бар. Оны азайтып, орнына қайта өңдейтін зауыттар салу жоспарланған. Себебі тұрмыстық қалдықтардың 15 пайызы ғана өңделіп жатыр. Қалған 85 пайызының қоршаған ортаға зияны көп. Қалдықтарды кәдеге жаратып, одан табыс табуға ынта танытып жатқандар да бар.

Қалай дегенмен, қазір қалдықтарды қайта өңдеу ісі тым баяу. Ел бойынша жалғыз ғана зауыт жұмыс істеп тұр. Ал экологиялық ахуал күн санап қиындап, қоршаған ортаның ластануы күшейе түсуде. Бірақ қалдықтан пайда табуға бел шеше кіріскен кәсіпкер жоқ. Өйткені қоқыс деп қарағаның кәдімгі қызыл ақша екені еленбей жатыр.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу