Қытайда коронавирусқа байланысты 3 қала жабылды

23.01.2020

Қытайда жаңа типтегі коронавирустан тағы 2 қала жабылды. Жұқпалы кеселдің жылдам таралуына байланысты, Уханьға жақын орналасқан Хуанган және Эчжоу қалалары да оқшауландырылды. Сондықтан бүгіннен бастап оларға баруға не олардан кетуге тыйым салынып отыр. Және де автобус пен теміржол қатынастары доғарылып, бақылау бекетінде барлық автокөліктер жіті тексеріліп жатыр. Бұған қоса, қаңтардың 25-де басталатын Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі Бейжіңде тойланбайтын болды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, пневмонияға әкелетін жұқпалы инфекциядан 17 науқас көз жұмған. Олардың ең жасы 48-де, ең кәрісі – 89-да. Ал вирусты жұқтырғандар саны 617-ге жетті. Аурудың адамнан адамға тарайтынын ескере отырып, көптеген елдер қауіпсіздік шараларын күшейтіп, Қытайға қатынайтын әуе рейстерін шектеп, осы елден жеткен жолаушыларды скринингтен өткізіп жатыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу