Ақ түтек боранның кесірінен Н.Назарбаев әуежайында рейстер тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақ түтек боранның кесірінен Н.Назарбаев әуежайында рейстер тоқтатылды

23.01.2020

Қаһарына мінген қыс мыңдаған жолаушыны жолдан қалдырып, Елорданың тіршілігін тұтас тұралатып тастады. Әуеде, жерде де қатынас үзілді. Әуежайда таңнан бері 38 рейс кешіктірілсе, біразы тоқтатылған. Ал еліміздің тоғыз облысында тас жолдар жабық. Тұман, көктайғақ, бұрқасынның салдарынан тұрғындар қалаға жете алмай, жолда қалғандары да бар. 

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай. Жүгін тасып жанталасқан халық. Бірі үйіне, енді бірі жұмысқа асыққанымен табиғаттың тосын мінезі бәрінің жоспарын бұзды.

Осылайша діттеген жеріне жете алмай қалғандар ұзын сонар кезекке тұрып, билетін өткізіп жатыр. Ал ұшағы кейінге шегерілгендері тағатсыз рейсін күтуге мәжбүр. Сағаттап отырып шаршаса керек, кейбірі қалың ұйқыға кеткен.

Ал тас жолдағы жағдай тіптен қиын. Бас қалаға кіріп-шығатын жолдардың бәрі жабық. Сондықтан полицейлер уақытша бекет құрып, төңіректі қырағы бағылауға алған. Десе де, көлденең тұрған көлікті айналып өткісі келетіндер көп. Біреуі астындағы темір тұлпарына сенсе, біреуі үйіне жеткенше асық, ал енді біреуі жұмыс берушіден қорқады.

Сақшылар жуық маңдағы ауылдардың тұрғындарын бөгемей жібергісі келеді-ақ. Алайда, «мына тұрған жер» деп алып алысқа шапқысы келетіндер көп екенін полицейлер айтады. Сондықтан арнайы техника келіп, жолды ашпайынша бәріне жол жабық.

Жол мұраты жету. Осы нақыл дәл бүгінгі ауа-райына еш қатысы жоқтай. Дейтұрғанмен, ескертуді елемей, ебін тауып жолға шыққандар, енді шегінерге жол таппай қаңтарылып тұр.

Ақ қар, көк мұзда далада жүретін сақшылар мен құтқарушыларда да тыным жоқ. Күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен олар жолда қалғандарға қол ұшын созып жатыр.

Өйткені қауіпсіздік қашанда бірінші орында. Сондықтан жолушылар мен жүргізушілерге боранның басылғанын күтуден басқа амал жоқ.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу