Серебрянск қаласындағы зауыт жұмысшылары соңғы 3-4 айдан бері жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Серебрянск қаласындағы зауыт жұмысшылары соңғы 3-4 айдан бері жалақы алмаған

22.01.2020

Шығыс Қазақстанның Серебрянск қаласындағы зауыт жұмысшылары соңғы 3-4 айдан бері жалақы алмаған. Тыныс алу жолдарын қорғайтын өндірістік бетперде мен түрлі пластмасса өнімдерін шығаратын кәсіпорынның 69 жұмысшыға берешегі 20 миллион теңгеге жуық. Еңбекақысын дауалған шағын шаһардың тұрғындары қазір Еңбек инспекциясы мен полицияның табалдырығын тоздырып жүр.

Серебрянск қаласындағы зауыт кезінде бүкіл Қазақстанға, тіпті өзге мемлекеттерге де өз өнімдерімен танымал болды. Алайда, 7 жыл бұрын жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорын банкротқа ұшырады. Кейін басқа инвестор келді. Бірақ зауытты сенімгерлік басқаруға алған азаматтың шаруасы былтырдан бері шатқаяқтап, жұмысшылар жалақысыз қалды.

Еңбекақыны уақытылы ала алмаған тұрғындар коммуналдық мекемелерге шаш етектен қарыз. Несие алғандардың проценті күн санап өсіп жатыр.

Жергілікті билік өкілдері кәсіпорынға қатысты мәселеден хабардар. Сондықтан басқа инвестор іздестіріп жатқанын айтады. Ал қысқартуға іліккендерге басқа жұмыс орындарын қарастырып жатқан көрінеді.

Жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлемеген зауыт басшысына қатысты іс қозғалды. Ал кәсіпорынның есепшоты бұғатталған.

Серебрянск тұрғындары зауыт жұмысының қайта жанданатынына күдікпен қарайды. Сол себепті де көбі басқа жаққа көшіп жатыр. Кезінде мұнда 16 мың адам тұрса, қазір жартысы ғана қалған. Көңілі алаң жұрт жағдай өзгермесе, шағын шаһар үлкен ауылға айналуы әбден мүмкін екенін айтады.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу