«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда жемқорлық фактілері өте көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда жемқорлық фактілері өте көп

22.01.2020

 «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Өйткені мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаржы жөнсіз жұмсалғаннан бөлек жемқорлық фактілері аз емес. «Nur Otan» партиясы жанындағы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес мүшелері бүгін осы бағдарламаның олқылықтарын талқылады. Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов та қатысып, бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндап берді. Айтуынша, «Еңбек» жобасы аясында үш жылда кәсіпкерлікті дамытуға 186 миллиард теңге бөлініп, 39 мың несие берілді. 414 мың жұмыс орны құрылған. Нәтиже жаман емес. Дегенмен, нұротандықтар осы субсидиялардың алаяқтардың айласын асыруға мүмкіндік беретін олқылықтарын сынға алды. Өйткені кәсіпкер ретінде тіркелмеген және салықтық борыштары бар азаматтарға 1,3 миллиард теңге көлемінде несие берілген екен. Яғни қағаз жүзінде бар кәсіпорындардың іс жүзінде жоқ болып шыққаны анықталған. Сондай-ақ «Тегін қысқа мерзімді оқыту» бағдарламасы бойынша он мыңдаған адамның нарықта қажет емес мамандықтар бойынша білім алған. Соның салдарынан оқытылған 80 мың адамның бар-жоғы 23 мыңы жұмысқа орналасқан.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу