Б.Бақауовқа қатысты тағы бір заңсыз әрекет анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Бақауовқа қатысты тағы бір заңсыз әрекет анықталды

22.01.2020

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовқа қатысты құқық бұзу деректері анықталды. Республикалық есеп комитеті аймақтың шаруа қожалықтарына 625 миллион теңге субсидияның заңсыз берілгенін былтыр анықтады. Бұл қаржыға күн сәулесінен қуат алатын батареялар нарықта жоқ қымбат бағамен сатып алынған. Мәселен, дәл сондай қуаттылығы 240 Вт отандық өнімнің бір данасы 33 мың 600 теңге тұрса, фермерлерге 355 мың теңгеден берілген. Алайда, Болат Бақауов бұл дұрыс емес екенін айтып Есеп комитетімен соттасқан. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған экономикалық соты мен аппелияциялық алқасында ұтылып қалады. Осыдан кейін әкімге нақты шара қолдану үшін іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша департаментіне жіберілді. Өкілетті орган сот-тауарлық сараптама жасап, бюджетке келтірілген шығынның нақты көлемін анықтады.  

Бақауов сотқа дейін босатылмайды. «Апелляциялық сот, экс әкімді сотқа дейін екі ай қамауға алу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды»,- деп хабарлайды Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу