Нұр-Сұлтан қаласынан 2 миллион 900 текше метр қар шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласынан 2 миллион 900 текше метр қар шығарылды

21.01.2020

Нұр-Сұлтан қаласынан биыл қыста 2 миллион 900 текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда, 55 пайызға көп. «Астана тазалық» мемекемесінің мамандары қардың шектен тыс көп жаууынан үлгермей жатқандығын айтты. Бүгінде қала сыртындағы Есіл ауданына қарасты 2 қар полигоны лық толған. Ал қалған төртеуіне ақ ұлпа үздіксіз тасымалданып жатыр.

Күрелмеген көше. Омбылаған халық. Қарға батқан көлік. Бұл бір Алматы ауданы емес, жалпы бас қаладағы кез-келген көшені бейнелеп тұрған ортақ көрініс. Ал тазалыққа жауапты мекеме мамандары табиғи құбылысқа қарсы тұрар шара жоқ деп отыр.

Қар шығару жұмысы қыруар қаржыға тәуелді. О баста жоспарланғаннан 167 мың рейс артық жасалған. Соған қарамастан, тұрғындардан қар тазалығына қатысты 17 мыңнан аса шағым түскен.

Биылғы қыс қарға бай болып тұр. Бас қала ақ ұлпаға белшесінен батып жатыр десек асыра сілтеген емес. Техника мен мыңдаған жұмысшы қаланы қардан аршып әлек. Дейтұрғанмен, үсті-үстіне жауған қар дес берер емес. Әмбе, Мемлекет басшысы биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялады. Волонтер жылы көшеге шығып, қолға күрек алып, бойға қан жүгіртіп әрі қаламызды тазаласақ нұр үстіне нұр емес пе?

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу