Шетелде тіркелген көліктерге қатысты тағы бір мәлімет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелде тіркелген көліктерге қатысты тағы бір мәлімет

21.01.2020

Ішкі істер министрлігі шетелде тіркелген көліктерге қатысты тағы мәлімет берді. Қойылған шектеулердің Ресей нөмірін таққан машиналарға қатысы жоқ деген пікірдің қайдан туындағанын да айтты. Барлығына Кедендік одақтың талаптары себепші екен.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев талапты күшейтуге қауіпсіздік мәселесінің әлсіреп кеткені себеп болғанын тағы алға тартты. 2018 жылы тек бейнекамералардың көмегімен шетелдік нөмірлі көліктердің 28 мың рет жол ережесін бұзғаны анықталған. Бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде 93 мыңға дейін өскен. Оның үстіне сырттан келген техника саны күрт өсіп жатыр.

Енді Ресей, Қырғыз, Армения көліктерінің арасындағы айырмашылыққа тоқталайық. Қырғызстан мен Армения 2014 жылдан 2019 жылдың аяғына дейін елдеріне көлікті жеңілдетілген баж салығымен кіргізген. Яғни Кедендік одақтың белгілі тарифінен аз төледі. Сондықтан осы екі елге соңғы 5 жылда кірген көліктер Кедендік одақ тауары деп саналмайды. Өзге елдерде ұзақ уақыт жүруіне рұқсат етілмейді. Тұрақты тіркеуге қою үшін төленетін салық мөлшері де біз үшін едәуір көп болады.

Кедендік одақтың кеңістігіне кірген кезде салығы тұрақты тарифпен төленген көліктер 1 жыл бойы емін-еркін жүріп тұра алады. Оның үстіне Ішкі істер министрлігі әзірге мұндай машиналарды анықтау бойынша ешқандай рейдтік жұмыстар жоспарланбағанын айтты.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу