Волонтерларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волонтерларға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?

18.01.2020

Ниеті бұзылғандардан сақтасын сіз бен бізді, ардақты ағайын. Волонтер деген атты алғандар бас-басына би боп кетпейді. Олардың басын біріктіретін ұжымдар бар. Қазір Қазақстанда 200-ден астам волонтерлық ұйым бар екен. Олардың бастамасымен 68 жоба жүзеге асыпты. Еткен еңбектерінде кеткен кемшілік болмаған соң оларды қолдауда артпақ. Және алып атыраптағы ат төбеліндей қазақ елінде волонтер саны көбейсе деген тілек бар. Волонтерлардың үлесі бойынша әлемде Норвегия көш бастап тұр. Халқының 57 пайызы қайырымдылықпен айналысады, Люксембург жұртының 55 пайызы, Камерун халқының 53 пайызы волонтер екен. Жалпы, алты құрлықтағы жер басып жүрген жеті миллиард адамның 900 миллионы волонтер деген ресми ақпар бар. Бұл үлкен күш, тың қозғалыс. Содан ғой, 5 желтоқсан халықаралық волонтерлар күні болып бекітілді. Біздегі жанашырлардыңда жұртқа жасаған жақсылығы аз емес. Көбісі көзден таса қалады, басым бағыттары бұқараға айтылады. Еркімен елге жәрдемдескендерді елеп ескеріп, алғыс айтуды Президентте естен шығарған емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Арыс тұрғындарының игілігі жолындағы ауқымды әрі пайдалы еңбектері үшін барлық волонтерлерге ризашылық білдіремін. Зардап шеккендердің жағдайы шынымен де қиын. Мемлекет оларға көмек береді. Қала мен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіреміз», - деп жазған еді twitter парақшасына. Бұл дегеніңіз, елге болсын деген азаматтардың еңбегі еленетінін көрсетеді. Биыл волонтер жылында жұрт үшін жанталасқан жас пен жасамысқа әлеуметтік төлемдер жасалып, гранттар берілетіні айтылды.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ  


Хабарламаларға жазылу