Франциядағы волонтер Парижде қазақ киносын танытуға бар күшін салып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франциядағы волонтер Парижде қазақ киносын танытуға бар күшін салып жүр

17.01.2020

Францияда білім алып жатқан жерлесіміз, тәжірибелі волонтер Андрей Иванов Парижде қазақ мәдениеті мен киносын танытуға бар күшін салып жүр. Ол волонтерлық қызметті алғаш Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуден бастаған. Кейін жетімдерге арналған «Жанұя» мектеп-интернатының жеткіншектеріне ағылшын-француз тілдерін тегін үйреткен. 

 Француздар «Андрэ» деп атап кеткен Андрейдің Парижде тұрғанына биыл —10 жыл. Өскеменнің тумасы алдымен Сорбонна университетінің магистратурасын тәмәмдаған. Артынша осында докторантураға түсті. Ағылшын, француз, испан, орыс тілдеріне ілеспе аударма жасаудың шебері біраз уақыт Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында жұмыс істеп, елге шеттен инвестиция тартуға үлес қосты. Ірі халықаралық жиындар мен Канн кинофестивалінің тәжірибелі аудармашысы ретінде де көпке танымал.

«Қаным таза қазақ болмаса да, жаным қазақ» деген Андрей қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Бос уақытында волонтерлікпен айналысу – бұрыннан бергі әдеті. Ол мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау бүгінгідей жетістікке жетуіне септігін тигізгендігін айтады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу